Баланың жан-жақты дамуына
сенсорика мен ұсақ моторикасының әсері
Сенсорика – бұл заттардың сыртқы қасиеттері туралы ойларды қалыптастырады: олардың пішіні, түсі, көлемі, кеңістіктегі орналасуы, сонымен қатар иісі, дәмі т.б.
Сенсорлық тәрбие дегеніміз- бұл түйсік пен қабылдаудың дұрыс бағытта дамуы.Түйсігі мен қабылдауы мол баланың қоршаған дүние жайлы көзқарасы кең, жан-жақты келеді. Сөйтіп баланың сенсорлық мәдениеті,оның түйсігі мен қабылдауының даму деңгейі ойдағыдай дамыған таным қызметінің алғы шарты болып табылады.
Мектеп жасына дейінгі баланың сенсорлық дамуының бір-бірімен байланысты екі жағы бар. Біріншісі - заттар мен құбылыстардың әр түрлі қасиеттері мен байланыстары жөніндегі түсініктерді меңгеру. Екіншісі - қоршаған ортаны толықтай және жекелей қабылдауға мүмкіндік беретін қабылдаудың жаңа әрекетін игеру.
Мектепке дейінгі балалық шақта бала өзінің сенсорлық тәрбиесін жинақтау нәтижесі болып табылатын заттық үлгілерді қолданудан көпшілік қабылдаған сенсорлық этолонға ауысады. Сенсорлық этолондар дегеніміз – қасиеттер мен қарым-қатынастардың әр түрінің негізгі жеке түрлері жөнінде адамзатта қалыптасқан түрлері. Бұларға түс, пішін, заттардың шамасы, олардың кеңістіктегі орны, дыбыс күші, уақыт аралықтарының ұзақтығы, тағы басқалар жатады. Баланың сенсорлық этолондарды игеруі балалар бақшасының бағдарламасына сәйкес жеке геометриялық пішіндермен, түстермен танысудан басталады. Заттардың қасиеттері туралы кез-келген түсініктер пайда болу сияқты сенсорлық этолонды меңгеруде, үлгілердің мәніне ие болуға тиісті тексерілуге бағытталған пішіннің жеке түрлері, түсі, шама бойынша қатысы басқа да қасиеттері мен қатыстылығы қабылдау әрекеттерінің нәтижесінде өтеді.
Баланың сенсорлық дамуы- ол заттың сыртқы құрамын: формасын, түсін, өлшемін, қоршаған ортадағы орнын, сондай-ақ иісін, дәмін және т.б. құрамдарын қабылдауы және елестете білуі.
Бала ерте жасында сезіну органдарының қызметі жақсы жетіледі, қоршаған орта жайында өзіндік елестері пайда болады. Сондықтан, сенсорлық тәрбиелеу- мектеп алды тәрбиенің негізгі бағыттарының бірі.
Сенсорлық даму баланың жалпы дамуының негізін құрайды, ол баланың оқу барысында жетістіктерге жетуіне көмектеседі.
Баланың сенсорлық дамуы арқылы оның мектеп оқуына дайындығы анықталады.
Заттардың өлшемін анықтауға қажетті сенсорлық эталондар ретінде геометриялық фигуралар қолданылады.
Заттардың формалары, түстері және өлшемдері баланың елестету қабілетінің дамуына зор үлесін қосады. Бала ұзақ уақыт аралығында сенсорлық эталондарды елестету құралы ретінде қабылдайды және бұл процесс өзіндік бөлімдерге ие.
1-бөлім- эталон алдындағы шара, баланың 3 жасында жүргізіледі. Бала бір заттың атын атау барысында екінші затты үлгі ретінде қабылдайды. Өз ойыншықтарымен ойнау барысында бала олардың түстерін, өлшемдерін есте сақтайды.
2- бөлім- есте сақтау заттары ретінде нақты заттар емес, олардың құрамының белгілі бір үлгілері қолданылады және олар өзіндік атауға ие. Балалар негізгі түстермен күнделікті өмірде және дидактикалық ойын барысында танысады.
3- бөлім- 4-5 жасында бала сенсорлық эталондарға ие бола тұра оларды жүйелендіруге талпынады. Тәрбиеші балаға түстерді анықтай отырып, оларды кезек бойынша қоюға көмектеседі. Заттың өлшемін үйрену жақсарған кезде, бала оларды ұзындығы, биіктігі, көлемі бойынша қатар бойынша қоюға үйренеді. Осыған байланысты дидактикалық ойындар да қиындай бастайды.
Баланың сенсорлық қабілетін дамытуда ойын терапиясының маңызы зор:
Осыған байланысты бірнеше дидактикалық ойындар үлгісі:
«Үйдің есігін жабайық»
Мақсаты: заттарды өлшемі бойынша салыстыруға, жуан және жіңішке заттарды ажыратуға жаттықтыру. Ойлау қабілетін дамыту.
«Қандай түс жоқ»
Мақсаты: Кемпірқосақтың түстерін ата. Баланың алдына
7 түрлі лента қоямыз. Енді көзін жұму керек болады, (бір лентаны алып тастаймыз) содан соң көзін ашқанда қандай түс жоқ екенін ажыратады.
«Таңдап ал»
Мақсаты: Суреттерге қарап оған сәйкес келетін геометриялық пішіндерді тап және оларды берілген заттың түсіне сәйкес түспен боя.
«Артық пішіндерді тап»
Мақсаты: заттардың белгілерінің біреуі бойынша балаларды салыстыруға үйрету, логикалық ой-өрістерін дамыту. Тәрбиеші бірнеше фигураларды қояды. Олардың бірі басқа пішінде болады. Мысалы, әртүрлі мөлшердегі 5 дөңгелек және 1 ұшбұрыш. Артық фигураны тап. Неге олай ойлайсың? Мұндай тапсырманы түрлендіруге болады: әртүрлі мөлшердегі бірақ түсі бірдей фигуралар және басқа түстегі бір фигураны қояды.
Ұсақ моторика дегеніміз не? Физиологиялық тұрғыдан айтқанда ол қолдың ұсақ бұлшықеттерінің қозғалысы. Сонымен қатар «қол мен көздің» тепе-теңдігін де ұмытпауымыз керек, себебі қолдың ұсақ қозғалысы көздің бақылауымен жүзеге асады. Бала қозғалысы қоршаған ортадағы заттарды танып-білу барысында қалыптасады. Ұсақ моториканы дамытудың баланың жалпы дамуында да алатын орны ерекше. В.А.Сухамлинский бала қабілетінің қайнар көзі оның саусақтарының ұшында екенін жазған. Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса,соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды.Ұсақ моториканы дамыту жұмыстарын бала туылған кезден бастау керек. Ұсақ моторика дамуының бала жасына байланысты ерекшеліктері:
2-3 жаста – Үлгіге қарап қарапайым пішіндер сала алады.. Қақпақтарды аша алады. Ірі моншақтар тізе алады.
3-4 жаста – Қаламды дұрыс ұстай алады. Нүктеленген суреттерді бастыра алады. Өзіне домалап бара жатырған допты ұстай алады. Қағазды бүктей алады.
4-5 жаста – Қарапайым пішіндерді бояп үйренеді.Негізгі әріптердің баспа түрін жаза алады. Қалтаның ішіндегі заттарды сипап сезу арқылы не екенін айта алады. Ермексазбен жұмыс жасай алады.
5-6 жаста – Суреттерді жиектеп ұқыпты қия алады. Әріптер мен сандарды жаза алады. Балғамен шегені ұра алады. Геометриялық пішіндердің суретін сала алады.
Бала жоғарыда айтылған әрекеттерді жасай алмаса не істеу керек? Балалардың ұсақ моторикасын дамытуда тақпақпен бірге жасалатын саусақ жаттығуларының орны ерекше. Данышпан қазақ халқымызда бұған да ерекше назар аударған. Мысалы, «Қуырмаш», «Санамақ» т.б. ойындарды ойнатудың баланың ұсақ моторикасын, көру-қозғалыс тепе-теңдігін сақтауда, зейін қою, есте сақтау, санау қабілеттерін дамытуда маңызы зор.
Барлық жаттығулар 3 топқа бөлінеді:
1-топ Қолдың білектеріне арналған жаттығулар:
еліктеу қабілетін дамытады;
бұлшық еттерді жиыруға бірнеше уақытқа дейін сақтау білігін дамытады.
бір қозғалыстан екінші қозғалысқа ауысуға үйретеді.
2-топ Саусақтарға арналған шартты статикалық жаттығулар:
Бұрын алынған дағдыларды жоғары деңгейде жүзеге асырады және неғұрлым нақты қозғалысты талап етеді.
3-топ Саусақтарға арналған динамикалық жаттығулар;
қозғалыстың нақты координациясын дамытады;
қол саусақтарын бүгуге және жазуға үйретеді;
бас бармақты басқа саусақтарға қарама-қарсы қоюға үйретеді.
Саусақ жаттығуларын орындауда:
Алдымен барлық жаттығулар баяу орындалады. Баланың жаттығуды дұрыс қайталауын және білектердің саусақтардың қалпын дұрыс сақтауын және бір қозғалыстан екіншісіне дұрыс ауысуын қадағалау керек. Балаға бірге жасап көмектесу керек.
Жаттығулар алдымен бір қолмен орындалады (егер де жаттығу екі қолдың бірге қатысуымен қарастырмаса), содан кейін екінші қолмен, сосын екі қолмен бір уақытта.
Кейбір жаттығулар бірнеше түрде берілген. Бірінші ең жеңілі орындалады.
Әр жапттығуға көру бейнесін қалыптастыру үшін өзінің суреттері сәйкес келеді. Алдымен балаға түрлі-түсті суретті көрсетесіз және жаттығудың қалай орындалуын түсіндіріп, одан кейін бірге жасап үйретесіз. Адамның он екі мүшесінің тіршілікте атқарар міндеті зор. Соның ішінде екі қолға бес-бестен біткен он саусақты күнделікті қажетті жұмыстарды атқаруға пайдаланытынымыз белгілі.Сонымен қатар ертеден келе жатқан «Қуырмаш» ойынынан саусақ атауларын бала тәрбиелеуге,оның тілін жетілдіруге, ойын ұштауға әдемі пайдаланғанын білеміз.
Санамақ
Санайық жаңаша
Бір, екі, үш!
Желбіре жалауша,
Достықта біздің күш.
Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Оларды атап шақырар,
Әрқайсысының аты бар.
Бас бармақ,
Балаң үйрек,
Ортан терек,
Шылдыр шүмек,
Кішкене бөбек.
Қолдың саусақтарын дамытуға арналған жаттығу.
Мақсаты : қол саусақтарының күрделі үйлесімді қимылдарын дамыту.
А) Алақанды үстелдің үстіне қоямыз. Балалар бірінші оң, содан кейін сол қолдың саусақтарын бір-бірден көтереді. Осы жаттығуды кері жасап, қайталайды.
Б) Үстелдің үстінде 10-15 қарындаш немесе есептік таяқшалар жатыр. Оларды бір-бірден алып қолға жинау керек. Содан кейін тура солай қайтадан үстелге қою керек. Екінші қолмен көмектесуге болмайды.
«Салат» саусақ ойыны
Сәбізді алып тазалаймыз ( оң қолды жұдырыққа түйіп, сол қолдың алақанына ысқылайды)
Үккішпен үгіп майдалаймыз ( екі қолды жұдырыққа түйіп кеудеге ұстап, жоғары-төмен қозғайды)
Қанттан сеуіп дәмдейміз ( саусақтардың ұшымен қант себеді)
Міне дайын нәр тағам ( екі қолын алдына жайып көрсетеді).
Дәруменге байыған ( алақанымен іштерін сипалап, тойғандықтарын көрсетеді).
Ұсақ моториканы дамыту барысында осы нәтижеге жетеміз:
1.Сөйлеу тілі жетіледі
2.Қимыл-қозғалыс қабілеті артады
3.Икемділігі арта түседі
4.Логикалық ойлау қабілеті дамиды
5.Танымдық деңгейі артады
Ұсақ моториканы дамыту арқылы баламен қарым-қатынасты нығайтамыз,баланың оқуға,ойынға деген ынтасын көтереміз.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Цвынтарный В.В Играем пальчиками и развитаем речь.-М., 1999
2.Лопухина И.С Логопедия 550 занимательных упражнений для развития речи. – М., 1996
3. Лапшин Б.П Основы дефектологии.Москва «Просвещение»,1990
4.Большакова С. Е. Ұсақ қол моторикасын қалыптастыру: Ойындар мен жаттығулар.
5.Пименова Е. П. Саусақ ойындары. 2007